Жаңақалалық домбырашылар республикалық байқаудан табысты оралды - БҚО

ОРАЛ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңақала аудандық Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің шәкірттері ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Астана-Мерей» байқауынан олжалы оралды.

Халық аспаптары бойынша жаңақалалық алты оқушы жас ерекшеліктеріне қарай жоғары және орта топта бақ сынады. Орта топ бойынша 47 домбырашының ішінен Фатима Ғайниетова жүлделі екінші орынды жеңіп алса, Ақеділ Ұзақов, Сымбат Сисенбаева, Әбдірахим Әткешов арнайы сертификатқа қол жеткізді. Жоғары топтан 52 домбырашының арасынан Райымбек Тарихов үшінші орынға көтеріліп, Қазақстанның кез келген оқу орнында білім алып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беретін мемлекеттік грантты ұтып алды. З.Талапқалиева дипломант атанды.

Балғын домбырашыларды музыка мектебінің мұғалімдері Ертай Ғұбайдуллин мен Амангүл Жаналиева дайындаса, олардың жол шығынын Жаңақала мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (басшысы Мұхтар Батырханов) көтеріп алды.

Жаңақала ежелден Құрманғазы мен Дина, Мәмен мен Қали Жантілеуовтей күйшілер отаны болып саналады.