ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде толассыз жауған жаңбырдың салдарынан аудан орталығы көшелерін су басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін ауданда табиғат тосын мінез көрсетті. Таңертеңгі уақыттан бастап қар аралас жауған жаңбыр тұрғындарға біршама қолайсыздық туғызды. Жол қатынасында едәуір қиындық туындады. Бұл мақсатта кент әкімдігі тарапынан шұғыл шаралар жүргізілген.
«Кент әкімдігі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарымен бірлесіп тиісті жұмыстарды қолға алды. Суды тартатын техникалар жұмылдырылып, олқылықтың орны толтырылды. Қазір су басу қаупі бар көшелерде арнайы су тартатын техникалар жұмысқа кірісті. Алдағы уақытта ескірген, бұзылған су жолдарын қалпына келтіру немесе толықтай жаңалау бағытында жұмыстар жүргізіледі», - деді кент әкімі Сардармұхамедуали Садықов.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.