Табиғаттың тосын құбылысы 14 наурызда ауданның тау беткейінде орналасқан Сүттіқұдық, Қосүйенкі, Қыраш ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарына едәуір шығын алып келді. Тексеріс жұмыстарының барысында 50-ге жуық қойдың қырылғаны анықталды.
«Табиғаттың төтенше жағдайына байланысты Жаңақорған ауданының азаматтық қорғау гарнизонынан 6 қызметкер, 1 техника, аудан әкімдігінен 8 қызметкер, 4 техника жұмылдырылды. Қазір аталған мақсатта арнайы комиссия құрылды», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев.
Наурыз айының 12-13 наурыз аралығында Жаңақорған, Шиелі аудандарында ауа райы күрт құбылды. Бұл жолдағы қозғалысқа біршама қиындық алып келген.
«Осындай жағдайға байланысты ұзындығы 246 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Түркістан» автожолы екі мәрте жабылды. Шиелі, Жаңақорған ауданында 11 техника жұмылдырып, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қазір көлік қозғалысына кедергі жоқ. Апаттық жағдай болған жоқ», - деді «Қазавтожол» ҰҚ»АҚ Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлыбек Үсенов.
Бұдан бұрын Қызылордада жеке тұрғын үйде газ жарылып, төрт адам қаза болды.