ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 700 тайланған шөп өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Жаңақорған ауданы Қыркеңсе ауылында 7 қарашада сағат 22.00 шамасында болды. Аудандық №14 өрт сөндіру бөліміне ауылда мал қора жанып жатқаны жөнінде хабар келіп түскен.
«Өрт сөндірушілер көршілес екі үйдің мал қорасы жалынға оранғанын анықтады. Мал қоралардың төбесі қамыс пен ағаштан жабылып, қабырғасы кесектен қаланған. Өрттен бір үйдің 400, екіншісінің 300 тайланған жоңышқа жанып кетті. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс жүргізуде. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 13 адам эвакуацияланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.