Жаңақорғанда республикалық бюджеттен бөлінген 229 млн. теңге қаржыға жолдар жөнделіп жатыр

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге үстіміздегі жылы Үкіметтің іс-қимыл жоспарына сай республикалық бюджеттен 229 млн. теңге қаржы бөлініп,

24 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіле бастады. Солардың бірі - кеңестік дәуірден бері күтім көрмей, жергілікті тұрғындардың мазасын қашырған «Самара-Шымкент-Кеңес» автомобиль жолы. Бұл жолдың ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Сондай-ақ «Самара-Шымкент-Төменарық» тасжолын жөндеу қолға алынды. Төменарық және Қожамберді ауылдарының тұрғындарына қызмет ететін автомобиль жолына 99,8 млн. теңге қарастырылса, оның алғашқы бөлігіне республикалық бюджеттен 129,2 млн. теңге бөлініп, нақты кезеңде жүзеге асырыла бастады.

Қазіргі кезеңде жоғарыда аталған екі жолды жөндеу жұмыстарының жеңімпазы «Жолқұқрылыс» ЖШС мекемесі бастапқы бөлінген қаржының отыз пайызынан астамын игеріп, міндетті тірлігін уақытылы аяқтауға күш салу үстінде.

Жол жөндеу жұмыстарын онан әрі жақсарту мақсатында аудандық маңыздағы 169 шақырым жолды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 14,6 млн. теңге бөлінді. Оны жүргізетін мекемені анықтау үшін тендер өткізіліп, жеңімпаз болып «Жаңақорған Жібек Жолы» ЖШС мекемесі танылды. Нақты кезеңде аталмыш мекемеге белгілі тәртіпке сай бөлінген қаржының алғашқы 30 пайызы, яғни 4,4 млн. теңгесі ауда­рылып берілді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары өз дәрежесінде атқарылып жатыр.

- Сонымен қатар, - дейді Жаңақорған аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Орман Ахметов. - Елді мекендердегі жол жүру қозғалысын реттеуге мән берілуде. Атап айтар болсақ, жол белгілерін орнатуға 1,5 млн. теңге қарастырылды. Кент ішіндегі бағдаршамдарды күтіп ұстауға 950 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыстар осы кездері кідіріссіз жүргізіліп жатыр. Мекеме басшысының пікіріне қарағанда, ел игілігіне қызмет ететін іргелі жұмыстар алдағы кездері онан әрі жалғасын таба түседі. Мәселен, «Самара-Шымкент- Аққұм» және «Кеңес-Бесарық-су қоймасы» тасжолына жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат дайын­далады. Ол үшін 1,9 млн. теңге жұмсалатын болады.