ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Бірлік ауылының тұрғыны Әлімхан Данияровтың сиыры бірден үш бұзау туды. Бұл - сирек кездесетін құбылыстың бірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлімхан Данияров мал өсірумен айналысады. Биыл қара сиыры бірден үш бұзау туып, елді таңырқатып отыр. Қазақ халқының тыныс-тіршілігінде мұндай жағдай кездесіп жатады.
«Бұзаулардың жағдайы қалыпты болды. Екеуі бірден-ақ аяғынан тұрып кетті, үшіншісіне еміздік арқылы сүт бердік», - деді Әлімхан Данияров.
Қазақ халқында малдың амандығы үшін артық туғанын жақын-жуығына таратып беретін ырым бар. Ауыл тұрғыны да осындай ырымға сүйеніп, таныстарына екі бұзауды үлестірді. Бұл жағдай жергілікті ветеринария мамандарын да таңғалдырып отыр.
Мұндай жағдай Қызылорда облысында алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2013 жылдың қараша айында Шиелі кентінде де сиыр үш бұзау туған еді.
Сондай-ақ, екі жылдай бұрын әлеуметтік желіде елімізде төрт бұзау туған сиыр туралы видео таралған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.