ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық тарихи-өлкентану мұражайында жасалғанына 123 жыл толған бесік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ғасырдан астам тарихы бар құндылықты мұражай қызметкері Рахима Әбсаттарова өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Бірлік ауылынан тапқан. Оны 1895 жылы Темірбек деген ұста жасаған көрінеді. Содан бері жарық дүние есігін ашқан нәресте үшін қасиетті бесік сыр бермей, сынын да жоғалтпай тұрған жайы бар.
Айта кетерлігі, бесіктің жасалуында көптеген ерекшеліктер бар. Оған ешқандай шеге қолданылмаған екен. Олар ағаштың өзімен бекітілген. Бесік жиде ағашынан жасалған. Тербетілуі де жеңіл. Түбек салатын ойығы да бар. Жөргек жаятын бел ағашы да мықты екенін көзге көрініп тұр. Қолбау, тізебау, екі тартпасы да тоза қоймаған. Ол кезде шүмек қойдың асықты жілігінен жасалған. Оның айрықша ақ болуына да маңыз берілген. Сол мақсатта арнайы сүтке қайнатылып алынған көрінеді.
Фото: old.aikyn.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.