Аталған мәселеге орай «Облыс әкімі аппаратының жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталыгы» КММ бастығы М.Ршауов, Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы С.Өмірзақов, «ҚазСуШар» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры Б.Арыстанбаев, ҚР ТЖМ «Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы» ММ басшысы Бақыт Ембергенов журналисттерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Төрт күннен бері төтеншеліктер зардаптың салдарын жоюда жұмыс жасап жатыр. Ауданның барлық техникасы осында жұмылдырылған. 400-ден астам түрлі саланың мамандары аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетті. Шын мәнінде 30 үйдің ауласын су алды. Онда да әжетханалары мен өжірелеріне су кірген. Жұдырықтай жұмылғанның нәтижесінде бұл қауіп қазір басылды. Барлық көшелер мен аулаларға құм төселді. Мамандар ең алдымен тасқын суды Самара-Шымкент-Жаңақорған көпірінің астынан бөгеп, су арнасын басқа қауіпсіз бағытқа бұрған. Техниканың да басым бөлігі осы жұмыстарға жұмылдырылыпты. Содан кейін үй-үйлерге құм тасылып, көшені шайған суды арнайы көліктермен тазартқан. «Мұндай жағдай орын алуы мүмкін екендігі тұрғындарға ескертілді. Бірақ ешқайсысы көшуге келіспеді. Су алған уақытта халық абдырап қалды. Оны да түсіну керек. «Ешқандай көмек болмай жатыр» деп байбалам салды. Техникалардың басым бөлігі алдымен судың бағытын бұруға пайдаланылды. Көмек қажет тұрғындардың барлығына жәрдем беріп жатырмыз. Құлап қалу қаупі бар бірде-бір тұрғын үй жоқ», - дейді «Облыс әкімі аппаратының жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталыгы» КММ бастығы М.Ршауов. Арнайы құрылған комиссия шығынның көлемін есептеп жатыр. Мамандар егер қандай да залал анықталса, оның өтелетіндігін айтты. Бұған дейін аудандағы 30 үйді су шайып кеткендігі туралы жаңсақ ақпарат тарап үлгірген болатын. Нақты жағдайда 30 үйдің ауласы мен көшелерді ғана су басқаны белгілі болды. Бастысы, қиындық артта қалды. Жағдай қалыпқа түсті.
14:22, 26 Ақпан 2014
Жаңақорғандағы жағдайға алаңдауға негіз жоқ
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Жаңақорған ауданында қарғын судың салдарынан ауданның шығыс беткейіндегі көшелер мен 30 үйдің ауласын су алған болатын. Қазірде жағдай қалыпқа түсті.