CNN телеарнасының креативті директоры Иэн Макдональд қазіргі медиакеңістіктің эволюциясын ұзаққа созылған, сонымен бірге қарқынды үдеп келе жатқан процесс ретінде сипаттады.
— Трансформация — медиада өте ауқымды мағынаға ие. Біз бұл процестен кемінде 20 жылдан бері өтіп келе жатқан сияқтымыз, бірақ өзгеріс қарқыны, әсіресе ЖИ ықпалымен соңғы 4-5 жылда айтарлықтай артты, — деді CNN креативті директоры.
Креативті және технологиялық топтармен жұмыс істейтін И. Макдональд генеративті жасанды интеллекттің, әсіресе жарнама мен контент өндірісіндегі ықпалының артып келе жатқанын атап өтті.
Доктор Айер халықаралық реттеудің тиімділігі шектеулі екенін де атап өтті, себебі егемендік қағидатына байланысты негізгі реттеуші билік ұлттық деңгейде қалып отыр. Ол халықаралық құқықтың ішкі саясатты айқындауына келісе қоятын елдердің аз екенін айтты. Дегенмен, спикер халықаралық диалог пен ынтымақтастықтың әлі де мүмкін екенін, бірақ тек ерікті негізде ғана жүзеге асатынын баса айтты.
Айта кетейік, 16-17 сәуір күндері Орталық Азия бойынша медиа саласының мамандары Астанадағы форумда бас қосты. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысты.
Орталық Азия елдерінің өңірдегі ақпараттық ынтымақтастығын нығайту үшін ортақ телеарна құру бастамасы көтерілді.