Енді, міне, сол олқылықты жойсақ деген ниетте белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Шәріпбай мен біраз жылдан бері білім саласында зерделі зерттеулер жүргізіп жүрген Болат Кенішбаев «Білім беру мен білімді бағалаудың интеллектуалдық жүйесі» атты технологияның жобасын жасаған екен. Ұлттық менталитетті жоғалтып алмау, білімді тиянақты бағалау жолындағы ізденістері жайлы оларды әңгімеге тартқан едік.
- Болат Рақымұлы, Алтынбек Әмірұлы, қазақта «Ел құлағы елу» деген сөз бар, Сіздер жасанды интеллектің негізінде «Білім беру мен білімді бағалаудың интеллектуалдық жүйесі» атты технология түзіпсіздер, сол туралы айтып берсеңіздер.
Болат Кенішбаев: - Осыдан он жыл бұрын елімізде білімді бағалаудың тестік жүйесі жаппай енгізіліп жатқан кезде мен көптеген информатика саласындағы мамандармен кездесіп емтихандарды компьютермен алуды ұсындым. Оны Алекең суырылып шығып қолдады. Жобаны іске асыруға болатынын айтты. Бұл жобаның басты ерекшелігі кез келген адам білімінің деңгейін компьютерге тест тапсыру арқылы емес, электрондық билет алып, оған жауап беру арқылы анықтау болып табылады. Компьютер жауаптың мағынасын түсініп баға береді. Яғни, компьютерге толыққанды емтихан тапсырылады да білім бірден бағаланады. Емтиханды ауызша да, жазбаша да жүргізуге болады.
- Тестік жүйе әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны дамытудамыз дейді. Кеңес заманында білім сапасын емтихан арқылы анықтаған еді. Сонда сіздердің технологияларыңыз артқа шегіну болмай ма?
Болат Кенішбаев: - Жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеу өтпелі кезеңде мемлекетіміздің дамуына өз деңгейінде пайдасын тигізді. Біздің пайымдауымыз бойынша, бұл жүйе жуық болашақта еліміздің, тіпті бүкіл адамзаттың өркендеуіне кедергі бола бастайтыны анық. Өйткені, қазіргі ұрпақ тест тапсыруға үйреніп алды. Келесі ұрпақ тестке ыңғайланып алады. Үшінші ұрпақ кез келген сұрақты тест арқылы шешу принциптерін жүзеге асырды. Сөйтіп, тесті пайдаланып өмір сүру адам болмысына сіңіп, тұқым қуалау белгілеріне ауысып, адам баласының келесі ұрпағы өзіндік ойлау қабілеті төмендеп, олар алдында тұрған мәселенің шешімін тест арқылы шешпесе, яғни сұрақтың жауабы көрініп тұрмаса өздігінен таба алмайтын халге жетеді. Тестік жүйе білімнің олқы екенін, тіпті жоқтығын ғана дәлелдейді. Егер сұраққа дұрыс жауап берілмесе бітті дей беріңіз. Міне, ойсыздық деген осы. Иә, сұраққа дұрыс жауап берілді дейік. Бірақ ол білімнің толықтығын дәлелдей ме? Жоқ. Өйткені, дұрыс жауап «тисе терекке, тимесе бұтаққа» әдісімен табылуы да мүмкін ғой. Ендеше бұл тәсіл адам баласының ойлау қабілетін біртіндеп жоюға апармай қоймайды.
- Сіздер айтқандай, бұл проблема болып қана қоймай, жұртты, қоғамды қатты ойландыра бастағаны да ақиқат.
Алтынбек Шәріпбай: - Өмір кешкен қоғамның мүшелері ретінде аталмыш мәселелер бізді де қатты толғандырды. Сондықтан ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалана отырып, компьютер арқылы оқыту, білім алу мен білім берудің және осы процестерді бақылаудың, білімнің деңгейін бағалаудың әдіс-тәсілін жасап шығаруды қолға алып едік. Мақсатқа жеткен секілдіміз.
Бұл үлгі компьютер арқылы кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген адамды оқыта алады. Оқушының білімін бірден бағалайды.
Осы технологияны қолданып заңды тұлғалардың базасында білімді бірден бағалайтын және жауаптың қатесін бірден көрсететін алғашқыда жазбаша, кейінірек ауызша электрондық емтихандар ұйымдастыруға болады. Кез келген жеке тұлға осы арқылы өзінің білім деңгейін біле алады. Жіберген қатесін тайға таңба басқандай көреді. Осы арада тағы бір айта кететін жәйт бар. Егер бұл жоба қоғамның барлық салаларына жаппай енгізілсе, еліміздегі кез келген ата-ана біздің бағдар арқылы балаларының білімін үйіндегі компьютермен тексеріп отыруына да мүмкіндік туады.
Бұл модел сараптамадан өткізілген интеллектуалдық-электрондық оқулықтар және электрондық сұрақтармен толтырып, барлық салаларға кезең-кезеңімен, тіпті бірден енгізуге біздің елдің ғылыми-техникалық әлеуеті жетеді деп ойлаймыз.
- Қазір Отанымызда, шетелдерде неше түрлі реформалар, жобалар ойлап табылып, іске асырылып жатыр. Өкінішке қарай, олардың көбісі кейде пайда әкелмей жатады. Бұл жоба да солай болып қалмай ма?
Болат Кенішбаев: - Егер осы жүйе енгізілсе, біздің қоғамның, тіпті бүкіл адамзаттың дамуына төмендегі ойластырылған тұжырымдар оң өзгерістер әкеледі деген сенімдеміз.
Біріншіден, жалпы адам баласының алғырлығы мен зеректігін арттыруға, әр кісінің ойлау қасиетін, ойлану ерекшелігін дамытуға, жеке тұлғаның мәселені өздігінен жылдам және тиімді шешуге мүмкіндіктер ашылады; екінші, білім беру жүйесінде коррупция мүлде жоғалады, үшінші, қазіргі кезде білімнің баға арқылы анықталатын деңгейіне байланысты қалыптасқан әлеуметтік теңсіздік жойылып, әр адам тең құқыққа ие болады; төртінші, электрондық емтихан білімді объективті бағалайды, сондықтан білім саласында жақсы немесе жаман баға деген ұғым болмайды, бесінші, әр адам өзінің білім деңгейін біліп отырады, бұл арқылы әркім өзін нақты танытатын қоғамдық сана қалыптасады; алтыншы, баға білімнің ағымдағы көрсеткіші болып қалады. Егер білім деңгейін өзгерткісі келгендер осы жүйенің мүмкіндігін пайдалана отырып дайындалады. Сөйтіп, көздеген межесіне көтеріле алады; жетінші, әр адам осы жүйе арқылы өзіне қажет білімді керек уақытында алып, заман сұранысына сай маман болып шыға алады; сегізінші, қашықтан электрондық жүйені пайдаланып өзін-өзі дайындайды, алған білімін бақылайды, оның деңгейіне көз жеткізеді, т.б.
- Бұл жүйе іске қосылса, мұғалім беделін тағы да төмендетіп алмаймыз ба? Компьютерге емтихан тапсыру кезінде білместің орнына білетін кіріп, тағы бір тантық іс орын алып жүрмей ме?
Алтынбек Шәріпбай: - Адами фактор ешқашан жоғалмайды, тек мұғалімнің, емтихан алушының атқаратын міндеттері өзгереді. Қазірдің өзінде тестілеуді, емтихандық және басқа да кез келген процестерді бақылап отыратын технологиялар жеткілікті. Алда айтылды, бұл жоба коррупциясыз қоғамдық сананы қалыптастырады, яғни адамның сана-сезімі жоғарылаған сайын теріс қылыққа бармайтын болады.
- Құптарлық екен делік, осы технологияны енгізу жолдарын ойластырдыңыздар ма?
Алтынбек Шәріпбай: - Біздің жоспар бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу қажет. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары арқылы түрлі сараптамалар мен сынақтардан өткен, электрондық оқулықтар мен сұрақтар дайындалып біздің электрондық программаларға енгізілу керек. Аталған жұмыстардың мөлшері өте үлкен және күрделі. Оны орындау үшін қазір бізде заңды құқық құзырет және материалдық мүмкіндік жоқ. Сондықтан жобаны атқару кезінде жоба негізінде арнайы мемлекеттік құрылым ашылса, ол қоғамымыздың барлық саласына енгізілсе, мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асса, қане. Осы бағдарламаның нәтижесінде жоба «Электрондық Үкімет» порталы арқылы ақысыз мемлекеттік қызмет қатарлы пайдалануға берілсе нұр үстіне нұр. Сонда ол автоматты және дербес жағдайда, адамның қатысуынсыз әр тұтынушысына ресми емес электрондық емтихан алушы ретінде жүйелі қызмет көрсетеді. Ал, заңды тұлғалар бұл технология қорытындысы бойынша аттестат, диплом, басқа да куәліктер беретін мемлекеттік немесе мемлекеттік емес, яғни ресми емтихандар өткізу үшін қолдана алады. Аталған құрылым өмірдің ағымына қарай жинақталған білімді, пайда болған жаңа мамандықтар мен технологияларға сай жұмыс істеуі керек деп білеміз.
- Материалдық мүмкіндік деген бар, бұл технологияны енгізу үшін қыруар қаржы керек болар?
Болат Кенішбаев: - Әрине, қаражатсыз ештеңе шешілмейді. Дегенмен, жобаның бір пайдалы тұсы бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді. Өйткені, біздің жоба ҰБТ жүйесінің орнын басады. Кітаптар жазуға және басуға кететін шығындар электрондық оқулықтарға жұмсалады. Кітап басуға кететін ақша, қағаз үнемделеді. Талапкер оқулық іздеп сабылмайды. Репетитор - консультант мұғалімдер қажетсіз болып қалады. ҰБТ өткізу орталықтары жойылады. Жоба авторлары бұл жүйеге коммерциялық сипат беруге қарсы. Осы технологияны енгізетін және дамытатын мекемеде заңда белгіленгендей жалақы алып қызмет істеуге әзір. Ал шетелдерге технологияны мемлекеттік-жеке-меншіктік әріптестік жоба түрінде сатуға болады деп пайымдаймыз. Түскен пайданы жүйені дамытуға жұмсамақ ниеттеміз.
- Осындай технология қолданысқа неге енгізілмей жатыр деген орынды сұрақ туары анық. Бұған берер жауаптарыңыз қандай?
Болат Кенішбаев: - Біз осы технологияның мәні мен маңызы және қысқаша сипаттамасы туралы тиісті орындарға хат жолдағанбыз. Ол хатымыз Білім және ғылым министрлігіне қарауға жіберілген еді. Сол уақыттан бері министрліктің тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің, мұғалімдердің, информатика саласы мамандарының алдында бірнеше рет жоба тұсаукесерін өткіздік. Бізге көмектеседі-ау деген депутаттарға, лауазым иелеріне, мамандарға жоба туралы ақпараттар жіберіп жатырмыз. Тұсаукесерге қатысқандар да, бізден мәлімет алғандар да: «Бәрекелді!», деп таң қалады. Ауызша түрде қолдайды, бірақ өкінішке қарай, ресми түрде әлі ешқандай шешім қабылданбай отыр.
- Соншалықты күрделі мәселе емес секілді...
Алтынбек Шәріпбай: - Иә, бұл технологиядан қазір дүниежүзінің оқымыстылары хабардар. Түркі тілдес елдерден сұраныс көп болып тұр. Себебі, түркі тілдерінің негізі қазақ тілі болып есептеледі емес пе? Құлшыныс содан туындап жатқан секілді. Осы технологияға арналып әуелі қазақша жасалған электрондық оқулықтар мен электрондық сұрақтарды орыс, ағылшын және басқа да тілдерге аударып пайдалануға болатынына біраз жұрттың көзі жетті. Қызығушылықтың бір ұшы осында жатыр. Бұл да отандық өнім ғой. Біз бірінші өз Отанымызға пайда келтірсек деп есептейміз. Мысалы, Жапония ашылған жаңалықтарының қызығын алдымен өздері көреді. Оны хакерлерден үкімет қорғап отырады. Бізде де солай болу керек. Өйткені, біз бұл технологияның негізін қазақы қалыппен жасап шықтық.
- Сонда, жоба қолданысқа дайын тұр ма?
Алтынбек Шәріпбай: - Әрине. Мәселен, министрлік қызметкерлері мен мамандарынан біздің жобаны пайдаланып емтихан алған кезде компьютер жауаптың мағынасын түсініп, оған дұрыс баға бере алатынын бірнеше рет дәлелдедік. Бұған сенімсіздік танытсаңыздар шетелдерден сарапшылар шақырсаңыздар қарсы емеспіз деген ұсыныс та жасадық.
Егер министрлік қолдаса бұл технологияны шартты түрде айтқанда 10 кезеңмен енгізуге болады.
Қолданыстағы оқулықтар негізінде электрондық жазбаша емтихан тапсырудың электрондық базасы бірінші кезеңде мектептерде, екінші кезеңде колледждерде, үшінші кезеңде жоғары оқу орындарында, төртінші кезеңде басқа да оқу орындары үшін жасалып, пайдалануға болар еді.
Қолданыстағы оқулықтар негізінде электрондық ауызша емтихан тапсырудың электрондық базасы бесінші кезеңде мектептерде, алтыншы кезеңде колледждерде, жетінші кезеңде жоғары оқу орындарында, сегізінші кезеңде басқа да оқу мекемелерінде жүзеге асыруға болады. Тоғызыншы кезеңде жаңа ғылыми теориялар, тәжірибелік материалдар негізінде мектептер, колледждер, жоғары және басқа да оқу орындары үшін жаңадан электрондық оқулықтарды жасауға мүмкіндік туады. Оныншы кезеңде жаңадан жасалған электрондық оқулықтар негізінде электрондық жазбаша және ауызша емтихан тапсырудың электрондық базасы жасалып, оны пайдалану іске асырылады. Бұған біздің еліміздің ғылыми-техникалық әлеуеті, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жетеді деп ойлаймын.
- Болашағы туралы байламдарыңыз қандай?
Болат Кенішбаев: - Бұл технологияның болашағы өте зор. Қоғамның кез келген саласында пайдалануға болады. Өмірдің ағымына қарай өзін өзі дамытып отырады. Соңғы ақпараттарға қарағанда министрлік мектептердегі тестке тың тұжырымдар ойластырып жатқан көрінеді. Білімді емтихан арқылы бағалау ниеті бар болса керек. Байқасаңыз біздің технологияның негізгі функциясы емтиханды компьютермен өткізу. Мұны тек қана мектептерде емес, университеттерде, басқа да кез келген оқу орнында ұйымдастыруға болады. Тек көңіл аударса болғаны.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»