«Біз Жаңаөзендегі жағдайлардың ашық, көпшілікке мәлім болатынын әуелден-ақ айтқанбыз. Қазір онда «Рейтер», «Ассошиэйтед пресс», «РИА Новости» агенттіктері мен «Әл-Жазира» телеарнасы сияқты өзге де бірқатар отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарынан журналистер жүр. Олар онда болған оқиғаны бақылап отыр. Сондықтан бұл бағытта ешқандай проблема жоқ. Ал оқиға орнындағы халықаралық байқаушылардың жұмысына келетін болсақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен өзге де бірқатар халықаралық ұйымдардың алаңдаушылықтарына байланысты оларға да тиісті мүмкіндіктер жасалатын болады», - деді министр.
Оның айтуынша, оқиға болған аймақта 5-ші қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланған және бұл шараның өзіндік біршама шектеулері бар екенін ескеру керек. «Ал егер шетелдік ұйымдар мен мүдделі байқаушылардың дипломатиялық корупстарынан оқиғаны болған жерінен бағалау жөнінде өтініш келіп түсетін болса, ол өтініш міндетті түрде қаралады, тіпті қанағаттандырылады деп те айтуға болады. Біз ашықпыз және Жаңаөзендегі қайғылы жағдайлар төңірегінде алып-қашпа әңгімелердің орын алуына қарсымыз. Ал ондай әңгімелер тіпті халықаралық ақпарат көздерінен де шығып жатыр», - деді Е.Қазыханов.
Естеріңізге сала кетейік, 16 желтоқсан күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, 14 адам мерт болды. Сондай-ақ ондаған адамдар жарақат алып, 46 ғимарат өртенді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 17 желтоқсан күні қалада төтенше жағдай жариялады. 5 қаңтарға дейін қалада коменданттық сағат енгізілді. Онда қозғалыс шектеліп, митингілер ұйымдастыруға, бейне және фототүсірілімдерге шектеу қойылды.