Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос мәлім етті.
«Өздеріңіз көргендей, Конституциялық кеңес Президент ветосын еңсере алмады. Сондықтан оның қаулысы қабылданбады деп саналады. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы Жаңаөзен қаласында сайлау өтпейді деген өз қаулысының күшін жояды және 15 қаңтарда сайлау кестеге сәйкес өтеді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Жаңаөзендегі сайлау басқа өңірлердегіден еш айырмашылығы болмайды. Дегенмен Елбасы жарлығымен енгізілген төтенше жағдай режімінің шектеулері ескеріледі. «Онда облыстық мәслихатта 7 округ, қалалық мәслихатта 12 округ бар және сайлаушылар саны 50 мыңнан асады», - деді ОСК төрағасының орынбасары.