Бұл туралы «Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы пробемаларын шешу жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған кешенді жоспарын» жүзеге асырудағы мәселелер бойынша облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте айтылды.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет кешенді жоспарға 9 нысанды қосымша енгізген болатын. Бұл жаңа «Жұлдыз» және «Мерей» шағын аудандарын сумен қамтитын екі нысанның, ішкі істер органдары басқармасының шұғыл орталығы, екінші қалалық емхана, екі дәрігерлік емхана, Теңге және Қызылсай селоларындағы мәдениет үйлері, қалалық аурухананың терапевтік кешені жаңа ғимаратының құрылысы.
Барлық қаржы көздерінде жоспарды жүзеге асыруға жұмсалатын қаражат 39-да 43 миллиард теңгеге дейін көбейтілді.
Бүгінге дейін ақыл-ой дамуы жетілмеген балаларға арналған 280 орындық мамандандырылған кешен, ПС-110/6кВ кіші стансысының және ВЛ-110 кВ электр тарату желісінің, мал өлексесін көметін орын және «Арай-1» шағын ауданындағы автокөлік жолының құрылысы аяқталды.
Әрқайсысының жобалық қуаты 280 орындық 2 балабақша, 100 керуеттік туберкулезге қарсы аурухана және бюджет саласы қызметкерлеріне арналған бірінші 200 пәтерлік үй пайдалануға берілмекші. Жұмыс істеп тұрған кәріздік тазалау орындарын, инженерлік инфрақұрылымды жаңалау мен түрлендіру, 1200 орындық орта мектеп пен 100 кереуеттік перзентхана құрылысы жалғасуда.
Қаланың жаңа шағын аудандарын электрмен және газбен жабдықтау, Теңге селосы мен «Рахат-3» шағын ауданын сумен қамту жүйелерінің құрылысы, шағын ЖЭО-на өтуіне байланысты орталық бу қазанын жаңалау және кеңейту жұмыстары басталды.
2012 жылы жүзеге асыруға жоспарланған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қоғамдық тәртіп нысандарының, тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтауға жергілікті бюджеттен 328,2 миллион теңге бөлінді. Қазір жобалар мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
Екі 200 пәтерлік тұрғын үй, туберкулезге қарсы аурухана, Жаңаөзен қаласындағы Теңге селосын сумен қамту жүйесінің құрылыстарын аяқтау үшін 2010 жылға 1 миллиард теңге мөлшеріндегі қаржы қосымша бөлінді.
Сондай-ақ, кеңесте жұмыссыздық деңгейін азайту өзекті мәселелердің бірі болып табылатындығы атап өтілді. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, тіркелген жұмыссыздар деңгейі 1,5 %-дан 0,9%-ға дейін төмендеді.
Жаңа жұмыс орындарын құру тұрғындарға шағын несие беру жүйесі елеулі тиімділік көрсетуде. Ағымдағы жылы шағын несиелеу ұйымының айналым қаражаты 275 миллион теңгені құрады, бұл 300 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орнын құру тәжірибесі кеңейтілді, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісі жалғасын табуда. Қолданылып жатқан шаралар 2010 жылы Жаңаөзен қаласында 8 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді - бұл өткен жылдағыдан екі есе көп.
2010 жылы облыс аумағында «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бүгінде қаланың жер ресурсы таусылды, құрылыс үшін жаңа жер бөлуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан көшіп келетін оралмандар Қарақия ауданының Ералиев стансысына және Мұнайлы ауданының жаңа орталығы болатын Батыр селосына орналастырылады. Сондай-ақ, «Кендірлі» демалыс аймағының аумағына жақын жерде жаңа елді мекен болады, бұл Жаңаөзен қаласына түсетін көші-қон жүгін жеңілдетеді. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынатын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. 140 тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Елдегі облыстық бағыныстағы 23 қала арасында 2010 жылдың ІІІ тоқсанындағы аймақішілік даму рейтингісінің қорытындысы бойынша Жаңаөзен қаласының 1-орын алуы кешенді жоспардың табысты жүзеге асырылуының куәсі болып табылады.