Жаңаөзенде 38 жетім бала тұрғын үй кезегіне қойылмаған
22:40, 23 Қазан 2024
АҚТАУ. KAZINFORM – Жаңаөзен қаласының прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 жетім баланың тұрғын үй кезегіне қойылмағаны анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы мәлімдеді.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 71-бабына сәйкес жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қоюға міндетті.
«Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде барлық балалар тұрғын үй кезегіне енгізілді», - делінген хабарламада.
Заңдылықтың бұзылуына жол берген ТКШ бөлімінің бас маманы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.