АҚТАУ. ҚазАқпарат – Жаңаөзенде әйелді пышақпен қорқытқан өзбекстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, оқиға 20 қыркүйек күні сағат шамамен 18.00-де болды.
Қатардағы жауынгерлер, топ басшысы Кирилл Тихонов, Мейіржан Серікбай және Олжас Сералы көше тыныштығын күзету кезінде «Самал» шағынауданындағы «7 қазан» кафесі жанынан көмекке шақырған әйелдің даусын естиді.
Оқиға орнына дереу жеткен сарбаздар белгісіз адамның әйелді пышақпен қорқытып, ақша талап етіп, тонамақшы болып жатқанын көреді.
Құқық бұзушы қашпақ болғанымен, оны қоян-қолтық ұрыс тәсілімен жауынгерлер қолға түсіреді.
Куәгерлердің қатысуымен тексерген кезде 20 жастағы өзбекстандық азаматтан кеңсе пышағы табылды.
Көрсеткен қырағылығы мен батыл іс-әрекеті үшін аталған жауынгерлер бөлім командирімен ынталандырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).