Жаңаөзенде блокпостар қайта қойылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңаөзенде шектеу шаралары күшейтіліп, блокпостар қайта қойылатын болды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қалада 19 наурыздан бастап коронавирустың алдын алу және карантин режимі кезінде азаматтардың қозғалыстарына шектеу қою масқатында «Жаңаөзен-Ақтау», «Жаңаөзен-Кендірлі», «Рахат-Қызылсай», «Жаңаөзен-Қарамандыбас-Жетібай» бағыттарындағы тас жолдарға 4 санитарлық блокбекет орнатылып, олар 31 мамыр күні карантин режимінің жеңілдетілуіне байланысты алынған еді.

Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитарының 24 маусым күнгі № 30-БСДҚ қаулысына сәйкес, Жаңаөзен қаласы және Қарақия ауданының аумағында карантин режимі күшейтіліп, аурудың таралуына байланысты 25 маусым күні сағат 00:00-ден бастап блокпостар қайта қойылатын болды.