Жаңаөзенде екіжақты келіссөз нәтижесінде 350 адам жұмысқа тұратын болды

ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат - Жаңаөзенде жұмысқа орналастыру мәселесі жөніндегі комиссия жанынан халықтық бақылау тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев бастаған жұмыс тобы бастамашыл топпен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешудің үш бағыты бойынша жоспар ұсынған болатын.

Екі тарап арасындағы келіссөз нәтижесі белгілі болды.

Қалалық жұмыспен қамту орталығында 5 санат бойынша кезекте тұрған 150 азаматты қолданыстағы алгоритм негізінде жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на сервистік қызмет көрсететін мекемелерде жаңадан құрылатын 150 жұмыс орнына халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.

Осы мақсатта халықтық бақылау тобы құрылды. Азаматтар жұмысқа үміткер тұрғындарды өзара іріктеп, ұсынады.

Айта кетейік, Жаңаөзен қаласының жұмыспен қамту бөлімінің «Жұмыс жасаймын» бағдарламасы аясында биыл наурыз айынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері қосымша 50 жұмыс орнын ашады.

Екі тарап арасындағы келіссөз қорытындысы бойынша 350 адам жұмысқа орналастырылады.

Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады.