Жаңаөзенде қуаты 50 МВт күн электр стансасы іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңаөзен қаласында қуаты 50 МВт күн электр стансасы пайдалануға берілді. Жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және италиялық Eni S.p.A. энергетикалық компаниясының бірлескен күшімен жүзеге асырылды.
Ресми ашылу рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Самұрық-Қазына» АҚ мұнай-газ активтері департаментінің директоры Жандос Қайргелді, Eni компаниясының Қазақстандағы басшысы Сегер Хойтинк, Plenitude Қазақстан басқарушы директоры Федерико Пульезе және Plenitude компаниясының жаңартылатын энергия көздері бөлімінің басшысы Алессандро Делла Соппа қатысты.
Бұл нысан жалпы қуаты 247 МВт болатын Гибридті электр стансасын салу жобасының алғашқы кезеңі болып отыр. Жаңа күн электр стансасы заманауи фотоэлектрлік технологиямен жабдықталған. 80 гектар аумаққа LONGi компаниясының 80 мыңнан астам қосжақты күн панелі орнатылған.
- Бұл кешен жылына шамамен 86 млн кВт/сағ экологиялық таза энергия өндіреді.
Гибридті конфигурация жаңартылатын энергия көздерін газ генерациясымен біріктіреді. Бұл ауа райының құбылмалы жағдайында да тұрақты энергия қуатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп жазды әкімдіктен.
Құрылыс жұмыстарына 250-ге дейін маман тартылған болса, қазіргі уақытта газ электр стансасын салу алаңында 122 қызметкер жұмыс істеп жатыр.
Күн электр стансасы «ҚазМұнайГаздың» өңірдегі еншілес кәсіпорындары – «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ін электр қуатымен қамтып, өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады.
Айта кетейік, Маңғыстауда қуаты 150 млн текше метрлік жаңа газ жобасы іске қосылды.