Жаңаөзенде жаңа жұмыс орындарын құру үшін 17 жоба жасақталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Жаңаөзен қаласында жаңа жұмыс орындарын құру үшін 17 жоба жасақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобалар бизнесті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша 2022-2024 жылдарға арналған «Жол картасы» негізінде әзірленді. Маңғыстау облысы әкімдігі, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тобы компаниялары өкілдерінің қатысуымен құрылған жұмыс тобының отырысы өтті. Онда бизнес-жобаларды алдын ала іріктеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

«15 маусымда Жаңаөзен қаласында бизнес-жобаларды алдын ала іріктеу бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Жұмыс тобының регламентіне жобаның қатысушылары үшін құжаттар тізбесін бекіту, өндірістік базаны жасақтау, технологиялық жабдықты тексеру актілерін әзірлеуге қатысты өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды», - деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжанова.

Қазіргі уақытта жұмыс тобының отырысында Жаңаөзенде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету бойынша 17 жоба қаралды.

Жобалардың бұл тізімі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ға жіберілді. Ұзақмерзімді келісімшарттар жасалып, жобалар іске асатын болса, қалада 696 жұмыс орны ашылмақ.