Жаңаөзендегі дәрігер өлімі: ІІМ тергеуге қатысты түсінік берді

Фото: ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Жаңаөзенде дәрігердің өліміне қатысты іс бойынша пікір айтты.

Айта кетейік, жыл басында Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды. Енді олардың құқығы заңмен қорғалады.

Құжатта Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қауіп төндіргені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жаңа баптар ескерілген.

Осы орайда бүгін Сенаттағы баспасөз мәслихатында тілшілер: «Жаңаөзенде пышақ жарақатынан мерт болған дәрігердің ісі бойынша тергеу амалдары жаңа заңның нормалары бойынша жүргізіле ме?» деп сұрады.

- Оны тергеуші анықтайды. Олар істің мән-жайын ескереді. Бірақ бұл дерек кісі өлтіру ісі бойынша қозғалды және бұл жағдай өте ауыр салдарға әкеп соқты. Ал заңдағы жаңа нормалар қорқыту немесе басқа да қауіпті әрекеттерге қатысты болды. Жаңаөзендегі оқиға кісі өлтіру фактісіне байланысты болып тұр. Сондықтан осы жағдайда онсыз да қатаң норма бойынша іс қозғалған, - деді И. Лепеха.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында бүгін 28 қаңтарда сағат шамамен 14:00-де медициналық мекеменің дәлізінде терапевт дәрігерге ер адам шабуыл жасап, ауыр пышақ жарақатын салған. Соның салдарынан 29 жастағы жас маман қаза тапты.