Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуі — Үкіметтің өрескел олқылығы — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент Үкімет осы мәселені қатаң бақылауға алуы керек екенін қадап айтты.
— Үшінші. Мен бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын 2024 жылға қарай іске қосу туралы тапсырма бердім. Бірақ түрлі рәсімдер созылып, мердігермен келісім-шартқа былтыр ғана қол қойылды. Соның салдарынан зауытты іске қосу мерзімі 2027 жылға қалып қойды. Бұл — Үкіметтің өрескел олқылығы. Үкімет осы мәселені қатаң бақылауға алуы керек, — деді Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтіп жатыр.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды.