Жаңаөзендегі әскери бөлімге жауынгерлік ту тапсырылды (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Жаңаөзен қаласындағы 5548-ші әскери бөліміне жауынгерлік ту тапсырылып, жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдады.

Орал қаласында орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шара барысында «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов бөлім командирі, подполковник Еділхан Аймағамбетовке тумен бірге әскери қалашықтың бейнелік кілтін табыстады. - Бүгін Жаңаөзен қаласында орналасқан Қазақстан Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5548-ші әскери бөлімінің тарихында айтулы күн болып отыр. Атап айтқанда, бөлімнің құрылған күні қарсаңында Мемлекет басшысы атынан жеке құрамға жауынгерлік туды тапсырылды. Сонымен қатар дәл осы тудың астында жас сарбаздар әскери ант қабылдап, өз Отанына, Қазақстан халқы мен Елбасына берілген сертіне адал болуға ант берді. Осы орайда мен барлық әскери қызметшілерді бөлімнің құрылған күнімен және жауынгерлік ту тапсыру салтанатымен, сондай-ақ жас сарбаздар мен олардың ата-аналарын ант қабылдау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта жауынгерлердің сертіне адал болып, Жаңаөзен қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тапсырманы абыроймен орындайтынына нық сенімдімін, - деді Қ.Ақтанов.

Одан кейін сөз алған Жаңаөзен қаласының әкімі Нұрберген Хұдыбаев: «Жауынгерлік ту кез келген әскери ұжымның жүрегі, тілегі, намысы, ары екендігі белгілі.Оны жауынгерлер бейбіт күнде, соғыс жағдайында да көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Елбасының Жарлығымен құрылған бөлімдеріңізге келген бұл ту жеке құрамның рухын көтеріп, абыроймен асқақтатады. Сіздер осы тумен бірге өздеріңізге үлкен жаупкершілік алып отырсыздар.Ту мемлекеттің абыройы мен беделі, ендеше, байрақтарыңыз тек биікте желбіресін!», - деді.

2015 жылғы көктемгі шақырылым сарбаздары бірінші болып 5548-ші әскери бөлімінің жауынгерлік туы астында Отанға адал болуға әскери ант қабылдады.

Ішкі әскер ардагері, запастағы полковник Сәбит Аймағамбетов, бөлім командирі, подполковник Еділхан Аймағамбетов, ата-аналар атынан Гүлпатиша Нысамбаева, жас жауынгерлер атынан Олжас Төлеутай әскери бөлім өміріндегі айтулы оқиғамен құттықтады.

Айта кетейік, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Жаңаөзендегі 5548-ші әскери бөлімі ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 12 шілдедегі Қаулысына сәйкес құрылған болатын. Қазіргі кезде ол Ұлттық ұланның ең жас әскери бөлімдерінің бірі болып саналады. Күн сайын қаланы күзетуге 100-ге жуық әскери қызметші бөлінеді, олар Жаңаөзеннің бес шағынауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта әскери жасақтар 600-ге жуық қоғамдық тәртіп бұзушыны ұстады.