Жаңаөзендегі оқиға баршамыз үшін үлкен сабақ -Үкімет басшысы

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жаңаөзендегі оқиға баршамыз үшін үлкен сабақ, деді бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.

«Атап айтқанда, Жаңаөзендегі тәртіпсіздік салдарын жою бойынша барлық шешімдер белгіленген мерзімде атқарылуы тиіс. Құқық қорғау тұрғысында тұрақтылықты қамтамасыз ету керек",- деп қадап айтты Премьер-Министр. К.Мәсімов өз сөзінде аталған қалада болған оқиғаның түпкі себебі байыпты тексеруді қажет ететінін жеткізді. Үкімет басшысы осы тұрғыдағы тиісті жұмыстарды өзі атқаратынын және Елбасының қарауына ұсынылатынын айтып өтті. «Бұл шаралар болашақта осындай оқиғалар Жаңаөзенде, немесе өзге де өңірлерде қайталанбас үшін іске асырылады», деді Үкімет басшысы. Премьер-Министр Қазақстандағы тұрақтылықты нығайту керектігіне тоқтала келе, «бұл баршамыз үшін үлкен сабақ, осыдан тиісті қорытынды шығару қажет», деп түйіндеді.