Жаңаөзендегі оқушылар сарайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды
Оқушылар шығармашылық үйі 40 жыл бұрын қолданысқа берілген. Бұл – содан бері алғаш рет жүргізіліп отырған күрделі жөндеу. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Жөндеу жұмыстары өткен жылғы мамырда басталған.
«Заманауи техникамен, технологиямен жабдықталған. Инфрақұрылым жаңаланып, қазіргі заманға лайық күрделі жөндеуден өтті. 1 900 оқушы әртүрлі бағытта, әртүрлі үйірмелерде дәріс алады. Оларды 90 қосымша білім беру педагогі өнер мен білімге баулиды. Ауылдарда орналасқан 10 аула клубымыз бар. Оларда 57 педагог дәріс оқиды», - деді Жаңаөзен қалалық Оқушылар шығармашылық үйінің директоры Жұмабике Жаманова.
Атап айтсақ, аудиторияларға интерактив тақталар, компьютерлер және жаңа жиһаз алынған. Сондай-ақ, концерт залы заманауи құралдармен жабдықталды. Шахмат, сoworking және робот техникасы бөлмелеріндегі құрал-жабдықтар да жаңартылған.
«Жел энергиясы, күн энергиясы, су энергиясы – барлығы макеттер түрінде көрсетілген. Оның жұмыс алгоритмін бірінші «Лего» лигасында көрсетеміз. Біз құрастырып жатқан роботтар үлкен нарыққа шығуы мүмкін. Ертең бір фабрикаларда, мекемелерде қолданылып қалуы мүмкін», - дейді робот техникасы үйірмесінің қатысушысы Қанат Жайылғанов.
Орталықта үйірмелер санын көбейту, кадр санын арттыру жоспарланып отыр. Мәселен, садақ ату, тері илеу сияқты ұлттық спорт пен қолөнер түрлері және кәсіпкерлікке баулу мамандары тартылмақ. Ал, инклюзив сыныптары логопед, дефектолог мамандарымен қамтылған.
«Осы жерде әртүрлі үйірмелердің ашылғаны бізді қуантып отыр. Баламның тұтықпасы бар еді. Логопед үшін Астанаға, Ақтауға апаратын едім. Енді осы жерде емдетуге мүмкіндік бар», - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Феруза Теміршиева.
Ғимарат ішіндегі спорт залмен қатар, workout алаңы да ашылды. Ал, музыкалық студия мен мобилограф кабинеті – жөндеуден кейінгі тосын сыйлардың бірі болып отыр. «Жас аспаз» үйірмесіне арналған бөлмеге ас үй жиһазының қойылуы да оқушылар үшін керемет тарту болды.
Ғимараттың жылу, су, кәріз және тоқ жүйесі де жаңартылып, бейнебақылау камералары мен салқындатқыш құрылғылары орнатылды. Нысан Wi-Fi желісімен толық қамтылған. Сондай-ақ, оқушылар үйінің айналасы да абаттандырылды. Атап айтқанда, тал отырғызылып, асфальт пен қырланған кеспе тас төселді. Айналасы қоршалып, жарықтандырылды.