Жаңаөзендегі сайлау комиссияларының қалыпты жұмыс істеуі жақсы жетістік - ТМД байқаушылары

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Жаңаөзенде болып жатқан жағдайлар құқық қорғау органдарының құзырындағы жұмыс.

Ал осы аймақтағы сайлау комиссияларының жұмысының өзгермеуі өте жақсы жетістік деп ойлаймыз»,-дейді 2012 жылдың 15-ші қаңтарына тағайындалған кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауын байқау үшін ТМД ұйымынан келген байқаушылар миссиясы штабының жетекшісі Евгений Слобода.

Оның сөзіне қарағанда, ТМД байқаушылары миссиясының өкілі Маңғыстау облысында да байқау шараларын жүргізеді. «Біз әдеттегідей өзіміздің миссиямыз атқарған жұмыстар жөнінде байқаушылардың қызметін қорытындылап, арнайы мәлімдеме жасаймыз. Бұл мәлімдемені біз Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысына дейін жарияласақ деген ойдамыз. Өйткені біз Ассамблеяның қызметін де байқаймыз. Содан соң, яғни сайлау біткен соң оның қорытындысын шығарып, осы қорытындыға Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісінде көрген-білгенімізді де қосамыз»,-деді штаб жетекшісі.