Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер бойынша қылмыстық істерді тергеу барысы қоғамдық комиссияны қатыстыра отырып, ашық және жария түрде жүргізілуі тиіс - ҚР Президенті

None
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Жаңаөзен қаласында болып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев жаппай тәртіпсіздіктер барысында қиратылған нысандарда болып, қала тұрғындарымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті.

Мемлекет басшысы Өмірзақ Шөкеев басқаратын Үкіметтік комиссияға «Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшылары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарының наразылығын тудырған барлық себепті анықтап, оны жою жөніндегі ұсыныстарды екі апта мерзімде енгізуді тапсырды.

Президент әрбір жаңаөзендіктің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналасуына мүмкіндік барын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істердің тергелуі жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Жаппай тәртіпсіздікке кінәлілер мен жанжал шығарушыларды табу, іздестіру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Бұл ретте тергеу барысы Маңғыстау облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев басқаратын қоғамдық комиссияны қатыстыра отырып, ашық және жария түрде жүргізілуі тиіс.

Президент атап өткендей, сарапшылардың басым көпшілігінің, оның ішінде шетелдік сарапшылар да Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер «правокациялық сипатта жоспарланған, жан-жақты ұйымдастырылған және өтетін уақытына дейін белгіленген акция» деген пікір білдірген. Жалпы, шетелде аталған жағдайға байланысты, сондай-ақ оны шешу жөніндегі мемлекеттік органдардың іс-қимылы туралы объективтік түсінік бар.