Жаңаөзендік суретші ұшқыш атанды: Джохар Юнусов Airbus A320 тізгіндеді

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда Жаңаөзен қаласының тұрғыны Джохар Юнусов бала күнінен азаматтық авиация ұшқышы болуды армандаған. Ол бірнеше жыл бойы қалада қабырғалға түрлі суреттер салып жүрді. Кейін 2022 жылы арманына бір қадам жақындау үшін Air Astana компаниясының Ab-initio пилоттарды даярлау бағдарламасына өтініш берген. Арада үш жарым жыл өткенде Джохар Airbus A320 ұшағымен алғашқы дербес рейсін орындады.

Фото: Джохар Юнусовтің жеке архивінен

— Джохар, бірнеше жыл бұрын сіз Жаңаөзенде мурал салып жүріп, ұшқыш болу арманыңыз туралы видео түсірген едіңіз. Ұшқыш боламын деген ой сізде қашан пайда болды?

— Шынымды айтсам, ұшқыш болу бала кезімнен келе жатқан арман еді. Әсіресе колледжді аяқтағаннан кейін авиация саласына түсіп, азаматтық авиация ұшқышы болғым келді. Бірақ өмірдің өз жоспары болады ғой. Сурет салумен айналысып, муралдар жасай бастадым. Бұл да маған ұнайтын іс болды.

2022 жылы кезекті муралды істеп жүріп, сол арманымды тағы бір рет еске алдым. Сол кезде «неге байқап көрмеске?» деген ой келді. 29 желтоқсанда Air Astana-ның Ab-initio бағдарламасына өтініш беретінімді айтып, видео түсірдім. Сол сәтте бұл мен үшін үлкен қадам болды.

Фото: Джохар Юнусовтың жеке архивінен

— Бағдарламаға дайындық қалай өтті?

— Оңай болған жоқ. Ең алдымен ағылшын тілімді жақсартуым керек болды. Шамамен жеті ай дайындалып, IELTS-тен 6.0 балл жинадым. Одан кейін математика мен физиканы қайта оқуға тура келді.

Мектеп бағдарламасындағы пәндерді қайта қарап шығу бір бөлек, авиацияға байланысты білімді меңгеру тағы бір бөлек. Сондықтан дайындық кезеңінде өзіме көп талап қойдым.

— Кейін Ирландияға оқуға бардыңыз. Бұл кезең қалай өтті?

— Ирландияға барғаннан кейін оқу қарқыны мүлде басқа болды. Ол жерде кәсіби дайындық басталды. Теориялық біліммен қатар, ұшуға қатысты көптеген жаңа дүниені үйрендік.

Бұған дейін сурет салып, шығармашылықпен айналысқан адам ретінде авиациядағы тәртіп пен жауапкершілікке бейімделу де маңызды болды. Ұшқыш мамандығында ұсақ-түйекке орын жоқ. Әрбір әрекет нақты әрі мұқият орындалуы керек.

— Сонда сурет салуды толық тастап кеттіңіз бе?

— Жоқ. Сурет салу мен үшін әлі де маңызды. Мен мұны бір мамандықты екіншісіне ауыстыру деп қабылдамаймын. Керісінше, өмірімнің әр кезеңінде өзіме маңызды дүниелерді алып жүрдім. Сурет салу маған шығармашылық ойлауды үйретсе, авиация тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді.

— 2026 жылдың тамызында Airbus A320 ұшағындағы алғашқы дербес ұшуыңызды орындадыңыз. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?

— Бұл ерекше сезім болды. 2022 жылы мен әлі Жаңаөзенде муралдың үстінде тұрып, «ұшқыш болғым келеді» деп айтып жүрген едім. Ал 2026 жылдың 12 тамызында Airbus A320 ұшағына алғашқы рет өзім ұшқыш ретінде отырдым. Ұшаққа қарай жүріп бара жатқанда бірнеше жыл бұрынғы өзім түсірген видеом есіме түсті. Сол кезде бұл күнді тек елестететінмін. Ал енді арманымның алғашқы нақты нәтижесін көрдім.

Бұл — өміріңдегі алғашқы дербес ұшу. Бірақ дайындықтың арқасында өзіңе деген сенім пайда болады. Ұшқыш үшін ең маңыздысы — эмоцияға берілмей, алған білімі мен дайындығына сүйену. Алғашқы ұшудан кейін «бұл тек бастамасы» деген ой келді. Себебі алда әлі де үйренетін нәрсе көп.

Фото: Джохар Юнусовтің жеке архивінен

— Үш жарым жыл бұрынғы Джохар мен қазіргі Джохардың айырмашылығы қандай?

— Үш жарым жыл бұрын мен арманыма қарай алғашқы қадамды енді ғана жасап жатқан едім. Сол кезде нәтиже қандай болатынын білмедім. Тек тырысып көруді шештім.

Қазір сол шешімнің дұрыс болғанын түсіндім. Бірақ бұл жолдың аяқталғанын білдірмейді. Керісінше, енді жаңа кезең басталды.

— Өзіңіз сияқты арманына жетуге талпынып жүрген жастарға не айтар едіңіз?

— Ең бастысы — арманыңды кейінге қалдырмау. Кейде адам өзіне «қазір уақыты емес», «қолымнан келмейді» деп сылтау айтады. Меніңше, ең маңыздысы — алғашқы қадамды жасау. Бірақ нақты мақсат қойып, дайындалып, еңбектенсең, оған жетуге болады.

Мен үшін бұл — қылқаламнан штурвалға дейінгі жол. Екеуі екі түрлі әлем сияқты көрінгенімен, екеуінің де түбінде өз ісіңе деген жауапкершілік пен сүйіспеншілік жатыр.

Бұған дейін, «Кәсіпте ең маңыздысы — табандылық»: маңғыстаулық жас кәсіпкермен сұхбат жазған болатынбыз.