Оның айтуынша, жоғарыда аталған 6 млрд теңгенің 3,1 миллиарды республикалық бюджеттен, 2,3 миллиарды жергілікті бюджеттен және 500 миллион теңгесі «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның есебінен бөлінген.
«Бүгінгі таңда әр қайсысы 320 орынға арналған үш балабақшаның құрылысы аяқталды. Олардың екеуі Жаңаөзен қаласындағы «Астана» және «Мерей» шағын аудандарында. Ал үшіншісі - Қызылсай ауылында. Сонымен қатар, қорғаныс істері жөніндегі ғимарат, «Мамыр» ауданының автомобиль жолдарының құрылысы да аяқталды. Маңғыстау көшесіндегі жарықтандыру жүйесінің реконструкциясы, 5 спорттық нысанның құрылысы, сауда ойын-сауық орталығының ғимараты да салынып бітті. Сондай-ақ «Арай» шағын ауданында 320 орынға арналған балабақшаның құрылысы, орталық жылыту қазандығын реконструкциялау және кеңейту жұмыстары, «Жұлдыз» бен «Мерей» шағын аудандарына су тарату желісін орнату жұмыстары, өзен суын ауыз суға айналдыратын қондырғыларды орнату жұмыстары, қаланың электр желісін реконструкциялау жұмыстары, 50 орынға арналған емхананың құрылысы, 5 аула алаңқайының құрылысы, қалалық аурухананың терапиялық корпусының құрылысы, ұзындығы 2,2 шақырым «Кендірлі» демалыс аймағына баратын автомобиль жолының құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр», - деді С.Нарешова.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл Жаңаөзен қаласына тағы да 1,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
«Жаңа өндірісті қалыптастыру үшін 21 миллион теңгеге 7 грант берілді, 605,9 миллион теңгеге 15 жоба субсидияланды. 9,5 миллион теңгеге 6 жоба кепілдендірілді. Өндіріс алаңына дейін баратын жолдың құрылысы аяқталды. Жаңаөзен қаласындағы «Шаңырақ» шағынауданының аулаішілік жолдары жөндеуден өтті», - деп мәлімдеді басқарма басшысының міндетін атқарушы. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» баңдарламасының бірінші бағыты - «Инфрақұрылым мен ТКШ-ны дамыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ету» бойынша 2015 жылға 474 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде жоспарланған 44 жобаның 40-ы аяқталып, 389,4 миллион теңге игерілді және 261 жаңа жұмыс орны құрылды.