Жанар Дұғалова Қанат Исламның бокс кешінде ән салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық эстрада әншісі Жанар Дұғалова Қанат Исламның бокс кешінде ән шырқады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Әнші қазақ тілінде «Ризамын» әнін америкалық жұртшылық алдында шырқап берді.

Айта кетейік, бүгін Уилмингтон қаласында (АҚШ, Делавэр штаты) WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы, бірінші орта салмақтағы Қанат Ислам (22-0-0, 18 КО) мен бразилиялық Робсон Ассис (16-3-0, 9 КО) арасындағы жекпе-жек өтуде.

Кездесу 10 раундқа созылады.

Боксшылардың кездесуі кіші Рой-Джонстың бокс кешінің аясында өтуде. Бұл әлемге «Қазақ» деген атпен танылған Қанат Исламның кәсіпқой рингтегі 23-ші кездесуі.

Қанат осыған дейін 22 кездесуінде жеңіске жетіп, оның 18-ін нокаутпен аяқтаған. Ал, Робсон кәсіпқой рингте 19 кездесуінің 16-ын жеңіп, 9 жекпе-жегінде қарсыласын мерзімінен бұрын ұтып, үшеуінде жеңіліске ұшыраған.