Жанар Дұғалова мен Илья Ильин «Жас тұлпар» сыйлығының иегері атанды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында «Жас тұлпар» сыйлығы 7 аталым бойынша бірқатар азаматтарға табысталды.

«Мемлекеттік тіл саясаты саласындағы жетістіктері үшін» аталымында Оксана Петерс үздік атанды. Ол Astana TV тележүргізушісі, яғни 10 жыл бойы қазақ тіліндегі жаңалықтар шығарылымының үздік тележүргізушісі болып келеді. Ал «Әдебиет саласындағы жетістіктері үшін» аталымында сыйлық Серік Сейітманға табысталды. Ол «Шалқар» радиосының бас редакторы (бірнеше кітаптардың авторы - «Қазақтың қаны», «Қырсық қызға қолтаңба», «Қара шаңырақ», «Домбыра»). Бұдан бөлек, «Білім мен ғылым саласындағы жетістігі үшін» аталымында бірінші орын Ұлықбек Қайыровқа бұйырды. Жас ғалым Назарбаев Университеті Өмір туралы ғылымдар орталығындағы биоинформатика және ісіктің есептеуші жүйелік биологиясы тобының жетекшісі. «Спорт саласындағы жетістіктері үшін» аталымындағы марапат Илья Ильинге тапсырылды. Қазақстандық ауыр атлет - екі мәрте олимпиада чемпионы, төрт мәрте әлем чемпионы, Азия ойындарының екі мәрте чемпионы, әлем рекордшысы. Сонымен қатар, «Мәдениет пен өнер саласындағы жетістігі үшін» аталымында Жанар Дұғалова үздік деп танылды. Қазақстандық әнші және композитор «Turkvision-2014» халықаралық байқауының жеңімпазы атанған болатын. «Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қоғамдық-саяси белсенділігі үшін» аталымында Евгений Рибалко марапатталды. Ол «КазБренд» қоғамдық қорының директоры, Қазақстандағы скаут қозғалысы ұйымы кеңесінің мүшесі, «Еуразия өңірінің Джамбориі» жастар слетінің ұйымдастырушысы, «Менің елім -Мәңгілік ел» жастар этнографиялық автоэкспедициясының жетекшісі.

«Азаматық қорғаныс саласындағы кәсіби қызметі үшін» аталымында - Арғын Қуанов марапатталды. Ол Павлодар облыстық ІІБ қызметкері биылғы қарашада «Қызылорда -Павлодар» бағытында 50 оқушыны апаратын автобусқа жол бастап келе жатқанда, алдарынан автокөлік шыға келіп, Арғын мен оның серіктесі еш ойланбастан соққыны өздеріне қабылдады. Балалардың ешқайсысы да зардап шеккен жоқ. «Нұр Отан» партиясының мәліметіне қарағанда, ағымдағы жылы «Жас тұлпар» байқауына қатысуға еліміздің барлық өңірлерінен 230 өтініш келіп түсті. Құжаттарды қабылдау 2014 жылдың 31 қазанында басталды. «Сыйлықтың негізгі мақсаты - белсенді азаматтық ұстанымымен қазақстандық патриотизмді дамытуға айтарлықтай үлесін қосып жатқан талантты жастарды қолдау. Сондықтан да, сыйлықтың терең символдық мәні бар»,-деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. Әр аталым бойынша үздік танылғандарға 1 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар