Жанар-жағармай бағасы қатаң бақылауда – Алмасадам Сәтқалиев
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазір мегаполиске жанар-жағармай жеткізуде мәселе жоқ. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Алматыда өткен есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Министр келтірген дерекке сәйкес, қалада 272 жанар-жағармай құю бекеті бар, барлық бекет жанар-жағармаймен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
– Алматыда АИ-92 маркалы бензин – 23,15 мың тонна (20 күн), АИ-95– 7,26 мың тонна (29 күн), дизельдік отын – 12,94 мың тонна (14 күн) қоры бар. Қалада АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы — 204 теңге, АИ-95 – 255 теңге, дизель отыны – 294 теңге,– деді ол.
Сондай-ақ Алмасадам Сәтқалиев, жанар-жағармай сатуда тапшылық пен алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында қала әкімдіктері жанар-жағармай құю бекеттерінде рейд жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.
– Жанар-жағармай жеткізуде үзіліс жоқ. Толықтыру тұрақты негізде жеткізу келісім-шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және баға шегін сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда,– деді министр.
Осыған дейін Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО газға көшіру 2026 жылы аяқталатыны туралы айтқан еді.