14:13, 05 Мамыр 2009
Жанар-жағармай нарығындағы баға туралы - Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің түсіндірмесі
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат – Көктемгі дала жұмыстарының науқаны басталғаннан жанар-жағармай материалдарының бағасы ерекше өзектілілікке ие болады, бұл мәселе автоәуесқойлар үшін де маңызды. ҚазАқпарат оқырмандар назарына Бәсекелестікті қорғау агенттіктің мамандары дайындаған сараптаманы ұсынады.
Жанар-жағармай материалдарын сатушы нарық субъектілері тарапынан бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу мақсатында монополияға қарсы күресу органы монополияға қарсы заңнаманың нормаларын түсіндіру үшін ағымдағы жылдың ақпан айында республиканың барлық өңірлерінде кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Агенттіктің Тауарлы нарықтарды мониторингілеу және талдау департаментінің директоры Николай Пичкаревтің мәлім етуінше, жанар-жағармай материалдары нарығындағы ахуалға жүргізіліп отырған тұрақты мониторинг нарықты «толық бақылауда» деп айтуға мүмкіндік беріп отыр. Жүргізіліп отырған бақылау амалдары нарық субъектілерінің Бәсекелестік туралы заңға қайшы әрекеттеріне дер кезінде үн қатуға көмектеседі. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі науқан қызған кезде ? көктемгі дала жұмыстары кезінде дихандар үшін отын бағасын көтеретін нарық субъектілерінің әдеткі талпыныстарының алдын орап, жылдың басында мұнайдың негізгі қорын ұстаушылармен кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша дизельдік отынға ең төменгі баға белгілеу туралы келісім мен бағаның өсуіне жол бермеу туралы «уәдеге» қол жеткізілді. Бірақ та осы кеңестің хаттамасында ресурстарға иелік етуші компанияларға нарықтық бағадан әлдеқайда қымбаттау бағаға кеңес берілген болып шықты. Тек Агенттіктің наразылығынан кейін ғана кеңес берілген баға төмендетілген. Агенттік мамандары сонымен бірге, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің арасында әртүрлі меморандумдар мен келісімдер жасау мәселесіне егжей-тегжейлі ойланып барған дұрыс деп санайды, себебі мұндай әрекеттердің көпшілігі монополияға қарсы заңнаманың кейбір тұстарына қайшы келіп жатады, түрлі сатып алушыларға түрлі бағалардың қолданысы байқалады. Негізгі ресурсқа иелік етушілермен 2008 жылдың күзінде жасалған меморандумдарға жүргізілген талдау нәтижесі көрсетіп отырғандай, дизельдік отынға кеңес берілген баға, сол кездегі нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары болған. Әрине, меморандумдарға қол қойған субъектілердің мұнай өнімдерін осы белгіленген бағадан арзан сату және өз табыстарын азайту ниеттері болмаған. Сондықтан да олардың табысты меморандумға қол қоймағандармен шамалас таппаса, аз таппағаны анық. Николай Пичкаревтің айтуынша, нарықтағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмыстардың ішінде тағы бір оң нәтиже бар. Ол ? жанар-жағармайдың ірі жеткізілімшілерін Доминаттар реестріне енгізу шарасы. Олар белгілейтін бағалар бұдан былай Табиғи монополияларды реттеу агенттіктің қадағалауында болады. Агенттік өкілінің айтуынша, теңге девальвациясы кезінде (жылдың басында) кейбір субъектілер жанар-жағармай бағасын көтерген, бірақ 2-3 күннен кейін баға қалпына келген. Ал «Гелиос» және «ҚазМұнайГаз» сияқты жанар-жағармай материалдарының ірі жеткізушілерінің май құю стансыларында аталған кезеңде баға өзгермеген. Ақпан айымен салыстырғанда, наурыз айында мұнайдың әлемдік бағасының орта есеппен 10 доллар/баррельге көтерілгеніне қарамастан, біздің ішкі нарықта отынның бағасы өзгере қоймаған. Дегенмен бағаны көтерген бірқатар шағын субъектілер жоқ емес, бірақ агенттік өкілінің пайымдауынша, олардың әрекеттері жанар-жағармайдың ұлттық нарығына анау айтқандай әсер ете қоймайды. Нарықта анықталып отырған тағы бір түйінді мәселе - бензин импорты болып отыр. Ішкі нарықта өндіріліп отырған жоғары октанды бензиннің 35 пайызға жуығын импорт құрайтындығы айтылуда. Ал Павлодар мұнай-химиялық зауытында Ресейден импортталатын мұнай өңделеді екен, оның үлесі елде өңделетін мұнай көлемінің 50 пайызын құрап отыр. Яғни ресейлік мұнай мен мұнай өнімдері бағаларындағы өзгерістер тікелей қазақстандық нарыққа әсер етуде. Мұнай өнімдері нарығындағы кейбір проблемалар зауыт қоймаларында төмен октанды мұнай өнімдерінің жиналып қалуымен де байланыстырылып отыр, соның себебінен мұнай өңдеу зауыттары толық қуатпен жұмыс істей алмауда, дейді агенттік мамандары. Қазіргі уақытта жоғары октанды бензиннің өндірілу көлемі тұтынымды толық қамти алмай отыр, сондықтан да қазақстандық кәсіпкерлер мұнай өнімдерінің дефицитті мөлшерін импорттауға мәжбүр. Дегенмен агенттік мамандарының көзқарасында, бұл жағдайды түзетуге болады. Жоғары октанды бензин өндірісін арттыру жанар-жағармайдың осы түрінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді, дейді агенттік мамандары.