«Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша іс-шаралар кешенін әзірледі. Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы 61 іс-шарадан тұрады. Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың мақсаты – инфляцияны 2022 жылы 4-6 пайыз дәлізінде ұстап тұру және оны 2025 жылға қарай 3-4 пайыз деңгейге дейін төмендету», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бұл іс-шаралар Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын қабылдауды, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз етуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізушілер үшін жалдау ақысын төмендетуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай, көмір, электр энергиясы, дәрілік препараттар және тағы басқаларға бағалардың өсуін тежеуді қамтиды.
«Жүйелі іс-шаралар аясында жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың санын азайту жоспарлануда. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында оларды коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде жеке топқа бөлу практикасы енгізілетін болады», - деді Әлібек Қуантыров.