«Жанармай - 125 теңге болды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қарашаның 3-і. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 3-і,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иордан Хашимиттік Корольдігіне ресми сапары қарсаңында Амманда түрлі шаралар өтуде. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Екі елдің ортақ ұмтылысы», «Елдіктің тағы бір қыры» және «Мұражайлар елінде» деген мақалалардан оқи аласыздар.

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметте кезекті селекторлық кеңес болып өтті. Онда Мемлекет басшысының берген нақты тапсырмаларына байланысты экономиканың дамуын жандандыру туралы мәселелер қаралды. Аталмыш жиналыс туралы толығырақ білгіңіз келсе, осы басылымдағы «Экономикалық дамуды жандандыру міндеті» деген тақырыппен берілген мақалаға назар аударыңыз.

Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын» газетінің  бүгінгі санынан да оқуға болады.

«Талай жастардың, соның ішінде қазақстандық өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілге деген құрметін, оны білуге деген ынта-ниетінің артқанын көріп отырмыз. Сондықтан кейбіреулер айтып жүргендей, тіл фестивалі бұл құр есеп беру емес», деп жазады мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев. Вице-министрдің осы жайында егжей-тегжейлі жазылған мақаласы «Тіл фестивалі: ізденіс және нәтиже» деген тақырыппен берілген.

***

«Алматыны Қазақстандағы баға саясатының барометрі деуге болатын шығар. Сол барометр мегаполисімізде жанармай литірінің бағасы 125 теңгеге жетті», дейді «Айқын» газеті. Жанармай жағдайының жай-жапсарына терең үңілген мақала «Жанармай - 125 теңге болды» деген тақырыппен берілген.

Сондай-ақ аталмыш басылымның күнделікті «Ақ сөйле» айдары «Экономика дамысын десек, сыртқы нарыққа шығып, бәсекеге түсу шарт» деген тақырыппен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Анар Рахымжановамен болған сұхбатын жариялады. Сұхбат нарықтық экономика және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітеді.

***

Ал енді бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде ел намысын қорғап жүрген жігіттерге келер болсақ, астаналық Асан Базаев өз шеберлігімен де, нәтижелі көрсеткішімен де көзге түсетін жұлдыздардың біріне айналып келеді. Асан жақында ғана әйгілі «Тур де Франс» көпкүндік бәйгесінде «Астана» клубының намысын қорғап қайтқан болатын. «Астана ақшамы» газетінің сейсенбілік санында «Мақсатыма жеткен соң Астанама қайтып ораламын» деген тақырыппен айтулы спортшы Асан Базаевпен болған сұхбат жарияланды.

Сондай-ақ «Астана ақшамы» газетінің  бүгінгі нөмірінде халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Тұрлыбек Мәмесейіттің «Қағысу» атты хикаясы беріліпті.

«Біріккен Араб Әмірлігіне жұмыс сапары шеңберінде, дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ Президенті Шейх Халиф бен Заид Әл Нахаянмен кездесуі өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев НSВС банкінің бас менеджері С.Купер бастаған басшылығын қабылдап, Қазақстанда жаңа қаржы құралдарын енгізу, ислам банкингін дамыту мәселелерін талқыға салған. Басылымның жазуынша,  БАӘ Президенті Шейх Халиф бен Заид Әл Нахаянның шақыруы бойынша БАӘ-ге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Формула-1» халықаралық жарысының қорытынды кезеңінің салтанатына қатысқан.

  

«Известия-Казахстан» газетінің жазуынша, Қазақстанның оңтүстігінде шамамен екі айға созылған бензин тасымалындағы іркіліс өңірдегі жанармай бағасының жоғарылауына түрткі болған.  Бұл жайында Астана дүйсенбі күні ресми жариялаған. Дегенмен, Алматыда  бензин бағасы демалыс күндерден бастап-ақ жаңа бағамен сатылымға түскен. Мәселен, жұма күні АИ-92 бензинінің литрі қала бойынша орташа есеппен 72 теңге болса, ал жексенбі күні 86-88 теңгеге дейін жоғарылаған. Отын-энергетикалық кешенге мониторинг және талдау басқармасының бастығы Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, Қазақстанда жоғары октанды бензиннің көтерме бағасы 12 пайызға қымбаттаған.

«Время» басылымының сейсенбілік санында, елімізге 150 килограммға жуық зергерлік бұйымдарды заңсыз алып өтпек болған контрабандышылар тобының құрықталғанын дүйсенбі күні ҚР ҰҚК қызметкерлері хабарлағанын жазған.  Тапқыр топ қазанның 31-і күні Алматы халықаралық әуежайында бұлтартпас айғақтармен қолға түскен. ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Қажығали Мұқашевтің баспасөз мәслихатында хабарлағанындай, қазан айының соңғы күні екі бірдей контрабандалық факт анықталған. Бастапқыда Ыстамбұлдан Алматыға  қатынайтын әуе бағытымен келген азаматтардың чемоданынан 8 мыңға жуық алтын және 10 мыңнан астам күміс бұйымдар тәркіленген. Барлық әшекейлердің салмағы 115 кг жуық. Ал содан кейін Бангкок әуе бағытымен контрабандышылардың сыбайластары ұшып келген. Олардан да ҰҚК қызметкерлері салмағы 35 килограммнан асатын 5 мыңнан астам зергерлік бұйымдар тапқан.