Жанармай құю бекетіндегі шабуыл: күдікті қамауға, жәбірленуші күзетке алынды

Фото: Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Меркі ауданында жанармай құю бекетінде суық қаруды қолдану арқылы жасалған шабуыл фактісі бойынша ішкі істер органдары қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Күдікті ізін суытпай ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.

— Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша (пышақпен жасалған бұзақылық) 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.

Қылмыстық іс Жамбыл облысы ПД Тергеу басқармасының өндірісіне қабылданды, жедел-тергеу тобы құрылды.

— Жедел-тергеу тобының жұмысын үйлестіру үшін аймаққа ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілді. Оқиғаны толық және жан-жақты тергеу қамтамасыз етіледі. Күдіктінің іс-әрекетін қайта саралау туралы мәселе тергеу әрекеттерінің нәтижесі және қадағалау органының келісімі бойынша қаралатын болады. Сонымен қатар адвокаттың өтініші бойынша жәбірленушіге полиция қызметкерлері қатарынан күзет қамтамасыз етілді, — делінген хабарламада.

Тергеу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.

Айта кетелік Бас прокурор қылмыс өршіп тұрған өңірлерді атаған еді.