***
«Қазақ-жапон қарым-қатынасы дамып келеді». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалада сәрсенбі күні Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сигео Нацуиді қабылдағаны айтылған.
***
Осы басылымда Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен арадағы сұхбат «Берілген уәделердің бәрі де орындалуда» деген тақырыппен жарияланған. Әңгіме барысында «Тағы бір айта кетерлік мәселе: бұған дейін өнімді бөлісу жөніндегі өзара келісімге сәйкес шетелдіктер облыстағы әлеуметтік жобаларға жыл сайын 10 миллион доллар көлемінде қаражат бөліп келген болатын. Биылғы жылдан бастап оның көлемін екі есе ұлғайту жөнінде олармен уағдаластыққа келе алдық. Бұл жөнінде таяу күндері Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданбақ», дейді облыс басшысы.
***
«Мемлекеттік сараптама - сапа кепілі» деген тақырыппен басылған сұхбат Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасының бас директоры Бірлік Ережеповпен арада өрбіген. Әңгіме аталған мекеме жұмысының маңыздылығы, қаралуға түсетін құжаттардың сапасы, оң қорытынды берілген ірі жобалар төңірегінде өрбіген.
***
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің 5-ші бетінен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Светлана Қайырғалиеваның Бөкен бидің мұрасын жинақтап, Өтей батырдың мүрдесін ұрпағына табыстырған Тұрдағалиев Кәрім туралы «Дала шежірешісі» атты мақаласын оқуға болады.
***
«Жылда осы... Жаздың қызығы таусылмай жатып, күздің құты қашады. Өйткені жапырақ сарғайысымен, көңілдің де күйі кетіп, үмітті күдік жеңіп, өзің де сарғайып кеткендей боласың. Өйтпегенде ше, дағдарыстың дауылы жан алқымнан алып тұрғанда, оған енді келіп жанар-жағармай бағасы қосылды. Жылда солай! Естеріңізде ме, былтыр да көліктердің күнделікті «асы» қымбаттап, иелерінің есін шығарды», деп жазады «Айқын» газеті. «Жанармай жағадан ала бастады» деген тақырыппен берілген мақаланы басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
«Біз қазір сыннан өтіп жатырмыз, мұнан кейін даму жолына түсеміз». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген сұхбатта «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов: «БТА банк мықты бәсекелеске айналған банк; Біз БТА банк менеджменті туралы әртүрлі пікір айтқанымызбен, мойындайтын нәрсе: банк менеджменті банкті республикадағы ең ірі банктердің қатарына енгізе алған. Нарықтағы үлесі, корпоративті және жеке қызмет ету саласында өте ірі бәсекелеске айналған банк», дейді басқарма төрағасы.
***
«Кеше «БТА банк» және «Темірбанк» акционерлік қоғамдарының мүлкін ұрлау фактісіне байланысты құрылған ведомствоаралық тергеу тобы осы бойынша қозғалған қылмыстық істің айыптау қорытындысын Алматы қалалық прокуратурасына айыпталушыларды сотқа беру мәселесін қарау үшін тапсырды», деп жазады «Айқын» газеті.