Жаңартылатын Конституцияның мемлекеттік тілдегі мәтінін кімдер дайындады
АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Ата заңның мемлекеттік тілдегі мәтінін жазуға кімдер тартылғанын айтты.
– Жинақталған жобаны жасаған кезде конституциялық нормалардағы терминологиялық бірізділікке және құқықтық айқындылыққа ерекше назар аударылды. Жоғары білікті құқықтанушылар мен лингвистика мамандарынан тұратын топтар қазақ және орыс тіліндегі мәтіндер бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар Конституция ережелерін дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктерді әр түрлі пайымдауды және түсініксіздіктерді болдырмау үшін қыруар шаруа тындырды. Комиссияда қаралған ұсыныстарды заң түрінде рәсімдеуге және жобаның мемлекеттік тілдегі мәтінін дайындауға мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен танымал ғалымдар тартылды, - деді ол.
Бақыт Нұрмұханов бұл іске тартылған мамандар стилистикалық және терминологиялық кемшіліктерді болдырмауға бар күш-жігерін салғанын жеткізді.
– Конституция нормаларын жазудың жаңа стилі, мағыналық қателіктерді жою, Ата заңды дұрыс түсінуге қызмет етеді және ықтимал ауытқулардың алдын алады. Жобада Конституциялық комиссияның өткен отырыстарында және жұмыс топтарында айтылған ұсыныстар мен білдірілген пікірлер ескерілді, - деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Жалпы Конституциялық комиссия отырысында партиялар қандай ұсыныс айтқанын мына сілтеме арқылы оқуға болады.