«Жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия қуатын сақтау және бөлу жүйесін дамыту бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?» деп сұрады Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, бүгінгі таңда жаңартылатын энергия сақтау мақсатымен бірқатар елдер жұмыс істеп жатыр.
«Өкінішке қарай, бұл саладағы технологиялар әлі жеткілікті дамыған жоқ. Сонда да Біріккен Араб Әмірліктері және Франция компанияларымен келіссөз жүргізіп, болашақтағы стансаларды осындай энергия қуатын сақтайтын қондырғылармен жабдықтау мәселесін талқылап жатырмыз», - деді ведомство басшысы.
Министр жаңартылатын энергияны жинақтайтын қондырғыларды жүйеге енгізу тарифтерді қымбаттатуы мүмкін екенін еске салды.
«Өкінішке қарай, ол тарифтердің қосымша өсуіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз болашақтағы стансаларды технология дамитын болса ғана қолдануымыз мүмкін. Ал қазір оны мұқият қарастырып жатырмыз. Бірақ сонда да өзіміздің қарауымыздағы ұйымдардың жұмысының тізіміне кіргіздік. Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда шетелдік технологияларды және өзіміз жағынан дамытуға болатын технологияны екі жақтан қарастырып жатырмыз», - деді Болат Ақшолақов.