Жаңартылатын көздерден энергия өндіруге қолайлы жағдай жасалады

Фото: None
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Заң жобасы жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында әзірленген болатын. Заң жобасы жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұдан бөлек, заң жобасы инвесторларды да, жеке тұтынушыларды да қолдауды көздейді. Құжаттың тұжырымдамасы бойынша жаңартылатын энергия көздеріне жер телімдерін беру шарасы ерекше жағдайлар бойынша берілетін болады. Бұнымен қоса, заңнамада тұрақты тарифтер енгізу мәселесі де қарастырылып отыр. Атап айтқанда, заң жобасымен жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуатының тұрақты тарифтерін белгілеу қамтылады. Ал мұндай тұрақты тарифтерді Үкімет ұзақ мерзімді кезеңге, нақтыласақ он бес жылға дейін белгілейтін болады.

Комитет төрағасы Болат Жылқышиевтың айтуынша, заң жобасын қабылдау инвесторларға салған қаражаттың қайтарымдылығы жағынан кепілдік береді, сондай-ақ Қазақстанның жұмыс істеп тұрған энергия жүйесіне ықпалдастыра отырып, жаңартылатын энергия көздерінің ірі жобаларын іске асыру бойынша тәжірибе жинақтауға көмектеседі.

Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобасы Палатаның қарауына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар