«Жаңару» кешенді жоспары аясында ШҚО-да ауылдық жерлердегі мектеп пен ауруханалар жөнделеді
«Биылғы жылы қаржыны 7 немесе 8 бағытқа бөлмей, әлеуметтік маңызды нысандарды жөндеуге жұмсаймыз. Жалпы, «Жаңару» жоспары шеңберінде 149 білім беру және 76 денсаулық сақтау нысанын жөндеу жоспарлануда. Аталмыш нысандардың барлығы дерлік ауылдық жерлерде», - деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар «ШҚО Ақпараттық орталығы» АКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.
141 мектеп, 5 колледж, және басқа 3 білім беру нысандарын жөндеу үшін 2,2 млрд теңге бөлінеді. Бірінші кезекте шатыр жұмыстары, жылу беру жүйелері және қазандықтар.
772 млн теңге денсаулық сақтау нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөлінбек. 57 отбасы-дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттерді, 15 аурухана, 3 емхананы жөндеу жоспарлануда. Нысандардың 80%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Бірінші кезекте жылу беру жүйелерін жөндеу қажеттілігі бар нысандар жөндеуден өтпек. Байқау рәсімдері сәуір айында өткізіледі.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары облыс бойынша медицина қызметкерлері үшін 117 пәтер бөлінетінін жеткізді.