Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев хабарлады.
«Өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметіне сенсек, өлім улы газдан уланудан болған. Ал өрт ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабынының бетіне тигенінен шыққан. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптама нәтижесі бойынша жарияланады», - дейді Бақыт Ратаев.
Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, отбасы толыққанды.
Отағасы медициналық мекемеде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста (мектепте мұғалім).
Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде тараған «өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел» туралы қауесетті жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті Ұ. Жазылбек.
Еске сала кетейік, кеше Жаңатас қаласында көпқабатты үйден өрт шығып, 5 бала көз жұмған болатын.
Бүгін арнайы брифингте Жаңатастағы 5 бала мерт болған өрттің алдын ала себебі айтылды.