16:23, 12 Маусым 2009
Жаңайдар обасы
Жаңайдар обасы – ерте темір дәуірлерінен сақталған көне ескерткіштер. Ескерткіш Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің бойында, Жаңайдар қыстағынан оңтүстікке қарай үш жүз елу шақырым жерде орналасқан.
Жаңайдар обасын 1961 жылы ғалым Ә.Оразбаевтың жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы тапқан. Жаңайдар обасы біздің заманымыздан бұрынғы VІІ-VІ ғасырлардағы Тасмола мәдениеті кезінде салынған ғұрыптық ескерткішке жатады. Негізгі оба шығысқа қарай тастан жасалған тұрқы ұзын, енсіз, жіңішке жол немесе «мұртты» обалармен жалғасады. Солтүстік жолдың ұзындығы 95 метр, оңтүстігі 102 метр, бұлардың жалпақтығы орта есеппен 1,7 метр. Обадан екі қыш ыдыстардың сынықтары, аттың тістері және ат әбзелдерінің бірнеше қола қапсырмалары табылған. Жолдардың (немесе «мұрттардың») кезінде күрделі құрылыс болғаны анықталды. Бұлар екі қатар етіліп қырынан қойылған кішірек тақтатастардан үстін жауып ерекше дәліздер түрінде жасаған деген пікір бар. Дәліздердің екі шеті тастан дөңгелете өріп шығарған оба іспеттес кішігірім құрылыстармен шектелген, ал ұзына бойына 1,5 метр сайын көлденең тақтатастармен бөлініп қойылған.
Жаңайдар обасы жерлеу ескерткіштеріне жатпайды. Обадан жылқы сүйектерінің шығуы және ұзын жолдардың шығысқа қаратылғаны кешеннің шығып келе жатқан күнге табыну дәстүріне және мұнымен тікелей сабақтас құрбандыққа жылқы шалу ғұрпына байланысты тұрғызылғанын байқаймыз. Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том