Жаңажолда 6 жасар бала абайсызда 4 жасар қызды атып тастады
13:37, 22 Желтоқсан 2011
АҚТӨБЕ. 22 желтоқсан. Қазақпарат /Самал Ендібаева/ - Өткен демалыста Темір ауданының Жанажол кентінде жазатайым оқиға орын алды. 6 жастағы ұл бала атыс қаруымен ойнап отырып, 4 жасар қызды абайсызда атып тастады, деп хабарлады брифингте облыс бойынша ІІД.
56 жастағы атасының сөзінше, ол Жаңажолдан 5 шақырым жерде орналасқан мал бағатын жайлаудан келген. Үйге келген соң қосауыз мылтықты бөлмеге тастап кеткен, өзі ас бөлмесінде шай ішіп отырған.
5 минуттан кейін атыстың дауысы естілген, 6 жасар жиені 4 жасар немересін абайсызда атып тастаған.
Атасы немересін Кеңқияқ кентіндегі аудандық ауруханаға әкелгенімен, дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қала алмаған.
Қазіргі уақытта Мұғалжар АІІБ-нің тергеу бөлімі тексеру шаралары жүргізіп жатыр, соның нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданатын болады.