Жәнібек Әлімханұлы IBF титулынан айырылғаннан кейін мәлімдеме жасады

Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

АСТАНА. KAZINFORM – Боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы IBF титулынан айырылғаннан кейін жазба жариялады.

Боксшы қиындықтан соң қуаныш болатынына сенетінін және сегіз айдан соң шаршы алаңға оралатынын жеткізді.

– Сыналдық, бірақ сынбадық. Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын. 1 титул сақталды. Аллаға шүкір. Бұйыртса 8 айдан соң шаршы алаңға шығамын. Үлкен жорық жалғасады. Біз әлі аяқтамадық, меніңше бәрі енді басталатын сияқты. Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес. Біз спорт жағындамыз. Біз қазақылық бағытындамыз. Қазанаттың жолында жазық та бар ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар сор да бар. Бұл өмір заңы! Әр қиындықтан соң қуаныш барын ұмытпаймыз! – дейді боксшы.

Спортшы өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс білдірді.


– Мен допингке қарсымын. Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын. Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті. Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі! Ардақты ағайын, біз әлі әлем чемпионымыз. Алдымызда талай додалар күтіп тұр. Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет, - деді Жәнібек Әлімханұлы.

Бұған дейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы әлем чемпионы титулын алып тастау туралы қатаң шешім қабылдағанын жазған едік.