Жәнібек Әлімханұлы «Канеломен» біріктіруші жекпе-жек өткізетін уақытын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегін 2027 жылғы мамырда өткізгісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz .

Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly/

Жәнібек Әлімханұлы Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында Сауль «Канело» Альварес пен Кристиан Мбилли арасындағы жекпе-жектің постерін жариялап, осы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасуға ниетті екенін білдірді.

Мексикалық Альварес пен Мбилли арасындағы кездесу 31 қазанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтеді деп жоспарланған. Бұл жекпе-жекте екінші орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

Ал Әлімханұлы 2027 жылы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында жергілікті боксшы Якоб Банкпен кездеседі. Олар екінші орта салмақтағы бос тұрған WBO әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Еске салайық, 2025 жылдың соңында Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний анықталып, соның салдарынан Эрисланди Ларамен жоспарланған чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегі өтпей қалған еді. 2026 жылғы ақпанда WBO қазақстандық боксшыны 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап бір жылға шеттетті. Ал наурызда IBF белгіленген мерзімде міндетті жекпе-жегін өткізе алмайтын болғандықтан, одан чемпиондық белбеуін тартып алды. Кейін боксшы қойылған талаптарды орындаған соң, WBO шеттету мерзімін мерзімінен бұрын тоқтатып, Жәнібек Әлімханұлына 2026 жылғы 10 шілдеден бастап шаршы алаңға оралуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Әлімханұлы орта салмақтан (72,6 келіге дейін) екінші орта салмаққа (76,2 келіге дейін) ауысу туралы шешім қабылдады. Жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсету үшін ол өзінде қалған WBO чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартты. Якоб Банкпен өтетін жекпе-жек Жәнібектің екінші орта салмақтағы алғашқы кездесуі әрі осы салмақта әлем чемпионы атануға берілген мүмкіндік болмақ.

Бұған дейін қазақстандық кәсіпқой боксшы Нью-Йорктегі әйгілі Gleason’s Gym бокс залына барды. Америкалық бапкер Дон Сэксби Жәнібек Әлімханұлына жоғары баға беріп, оның қарапайымдылығына тәнті болған еді.