Жәнібек Әлімханұлы супер орта салмақта WBO титуылына міндетті үміткер атанды

KAZINFORM.АСТАНА – Жақында орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартып, супер орта салмаққа ауысқан қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегінде әлем чемпионы титуылына таласады.

Фото: The Ring

Танымал Америкалық «The Ring magazine» кәсіпқой бокс басылымының хабарлауынша, Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) чемпиондар комитеті супер орта салмақта әлем чемпионы титуылына міндетті қарсыласты бекітті. 

WBO қабылданған шешімге сәйкес, 160 фунт салмақтағы WBO титулының бұрынғы иегері Жәнібек Әлімханұлы ресми түрде Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде белгіленді, ал Джейкоб Банктің осыған қатысты өтініші қабылданбады.

Қос тараптың командасына шарттарды келісуге 20 күн берілді.

Айта кетерлігі, қазақстандық боксшы Шираздың белбеуіне екінші үміткер ретінде қойылды. 31 қазанда WBC чемпионы Кристиан Мбиллимен кездесетін Канело Альварес супер орта салмақта WBO титуылының басты үміткері саналады.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылы 21 шілдеде WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартып, супер орта салмаққа ауысты.

Сонымен қатар, қазақстандық боксшы ұйымның жаңартылған рейтингінде бірден 2-сатыға жайғасты.