Жәнібек Әлімханұлы WBO әлем чемпионы атағын сақтап қалды

Фото: No Limit Boxing

АСТАНА.KAZINFORM — Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) ақпан айына арналған жаңартылған рейтингісін жариялады.

Рейтингіге сәйкес, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12КО) орта салмақта WBO нұсқасының әлем чемпионы статусын сақтап, көш бастап түр.

Тағы бір қазақстандық боксшы Әли Ахмедов (25-2, 17КО) супер орта салмақта бір сатыға жоғарлап, 14-орыннан көрінді.

Осыған дейін хабарлағандай, Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлына тыйым салынған мельдоний заты бойынша оң нәтиже көрсеткен допинг сынамасына байланысты осы жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жыл мерзімге жарыстардан шеттету жазасын қолданды.

Ұйымның шешіміне сәйкес, қазақстандық боксшы чемпиондық атағы сақталды. Ал шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс.

Сондай-ақ Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков спортшының ағзасына допингтің қалай түскені туралы айтып берді.

Айта кетерлігі, Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлын 2026 жылғы 31 мамырға дейін жарыстан шектеді.