Жәнібектің допинг сынамасынан қандай тыйым салынған зат табылғаны белгілі болды

Фото: Sports.kz

АСТАНА.KAZINFORM – WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасынан қандай тыйым салынған зат табылғаны белгілі болды.

BoxingScene басылымының хабарлауынша, ерікті допингке қарсы қауымдастық (VADA) боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний дәрілік затын тапқан.

Айта кетерлігі, мельдоний Шығыс Еуропаның кейбір елдерінде рецепт бойынша берілетін дәрі болып саналады, бірақ Әлімханұлы бұл затты бұрын-соңды қолданғанын жоққа шығарғандықтан, бұл даулы мәселе болуы мүмкін.

Мельдоний 2016 жылы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынған дәрілер тізіміне енгізілді. Себебі ол төзімділікті арттыру және оңалту мен қалпына келу процесін жеделдету үшін метаболизмді өзгерту қабілетіне байланысты.

Басылымның айтуынша, дәрілік заттарды тексеру кезіндегі барлық жағымсыз нәтижелерге қатысты стандарт сияқты, кінәлі тарап өзінің «В» үлгісін тексеруді талап етуге құқылы. Нәтиженің әртүрлі болуы өте сирек кездеседі. Дегенмен боксшылар күдікке іліккеннен кейін тесттен қайта сәтті өткен жағдайлар болған.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, танымал «The Ring magazine» кәсіпқой бокс басылымы Жәнібек Әлімханұлының VADA сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.

Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында допинг дауына қатысты өз пікірін айтты.