Жаңбыр, бұршақ жауады: 28 шілдеге арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» 28 шілде, дүйсенбіге арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің болжамы бойынша, Қазақстанның бірқатар аймағында найзағай ойнайды, өрт қаупі жоғары болады.
Елдің солтүстігінде нөсер жаңбыр жауады, кей аймақтарда дауыл болып, бұршақ түсуі мүмкін. Тек Қазақстанның оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл соғады. Солтүстікте түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.
Күндіз Жетісу, Абай облыстарында, сондай-ақ Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан өңірлерінде аптап ыстық – +35…+38°C.
Жетісу облысының солтүстік-батысы мен орталығында, Абай облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Алматы облысының батысы мен солтүстігінде аптап ыстық болады. Бұл өңірлерде термометр +41…+42°C дейін көтеріледі.
Айта кетейік, Венгрияда 100 жылдан бергі ең жоғары ауа температурасы тіркелді.