Жаңбыр, көктайғақ, жел: Астана маңына қатынайтын автобустардың қозғалысы тоқтады

Фото: Kazinform

Астанада ауа райының бұзылуынан, атап айтқанда, жаңбыр, көктайғақ пен қатты жел салдарынан қала маңына қатынайтын 6 бағдардың қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды Кazinform.

CityTransportationSystems компаниясының мәліметіне сәйкес, елорда маңындағы елді мекендерге баратын № 300, 305, 310, 312, 328, 329 бағдарлардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Өзге қаламаңы автобустарының жұмысында өзгеріс жоқ.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, бүгін, 22 қарашада Астанада желдің екпіні 16-21 м/с жетеді. 23 қарашада көктайғақ пен күші 23-28 м/с артатын жел болжанып отыр. 24 қарашада Астанада жауын-шашын (негізінен қар), көктайғақ күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с күшеюі ықтимал. Ауа температурасы – түнде -2-4°С, күндіз 0,+2°С.

Төтенше жағдайлар департаменті далада сақ болып жүруді, оқыс жағдай туындағанда 112 телефоны бойынша шұғыл қызметтерге қоңырау шалуды сұрайды.

Қазіргі уақытта қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ауа райының нашарлауынан таңертең 3 өңірде 8 жол учаскесі жабылды. Кейін республикалық маңызы бар тағы 3 жолда қозғалысқа тыйым салынды.